Ақтөбе облысында су басқан ауылдың тұрғындары тұрғын үйдің құрылысы баяу жүріп жатқанына шағымданды
Ақтөбе облысындағы екі ауылдың халқы биліктен көмек сұрап отыр. Олар су тасқынынан кейін салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы баяу жүріп жатқанына шағымданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Редакцияға хабарласқан Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғыны Қайрат Айжарқынұлы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Олжас Бектеновтен көмек сұрайтынын айтты.Нұра ауылы облыс орталығы Ақтөбе қаласынан шамамен 500 шақырым жерде орналасқан. Онда 700-ге жуық адам тұрады. Биыл сәуірде тасқын болып, халық ауылдан кетуге мәжбүр болған.
Нұра мен Мамыр ауылдарында тұратын халықтың мұңын жеткізу үшін хабарласып тұрмын. Биыл сәуірде су тасқыны болып, салдарынан ауылдағы 100-ден аса үй су астында қалды. Сондай-ақ Мамыр елді мекенінде 25 үй суға кеткен. Онда барлығы 30 үй бар, - деді ол.
«4 АЙДА ТЕК 8 ҮЙДІҢ ҚАБЫРҒАСЫ КӨТЕРІЛДІ»
Ауыл тұрғындары елді мекендегі үйлер уақытында салынбауы мүмкін деп қорқады.
Билік су тасқынынан бүлінген үйлерді уақытында салып үлгермейді деп ойлаймын. Жақында Нұрада баспана құрылысы басталды. Бірақ оның өзі дұрыс жүрмей жатыр. 4 айда тек 8 үйдің қабырғасы көтерілді. Жалпы 75 үй салынуға тиіс. Құрылыстың қарқыны өте баяу. Халықтың үй-күйсіз жүргеніне 4 ай болды. Бізге қарасты Мамыр ауылы бар. Тіпті, онда құрылыс әлі басталмады. Бұған қора-қопсы, жемшөп, жолдың мәселесін қосыңыз. Облыс және аудан әкімдігіне аталған проблеманы қаншама рет айттық. Әзірше, нәтиже жоқ, - деді ол.
Қайрат Айжарқынұлы тасқыннан зардап шеккен халық әлі мектеп пен туысқандарының үйлерін паналап жүргенін айтты.
Ауыл халқы босып кетті. Мектепте, Ақтөбе қаласындағы туыстастарының үйлерін паналап жүргендер бар. Бүгінде мектепте оншақты отбасы тұрып жатыр, - деді тұрғын.
Жағдайды соңғы уақытта жауған жаңбыр ушықтырып жіберген. Себебі, жүк көліктері құрылыс материалдарын елді мекенге жеткізе алмай жатыр.
Ауылдың жолы өте нашар, қара жол. Соңғы уақытта күн сайын жаңбыр жауып тұр. Техника әрең жүреді. Кеше ауылдан кеткен КамАЗ-дар әлі келмеді. Олар құрылыс материалдарын жеткізуі керек болған. Жолдың нашар болуы салдарынан жете алмай отыр. Жүк көліктері құрылыс материалдарын алыстан тасымалдап жатыр. Сондықтан үйдің құрылысы қазан-қарашаға созылып кетуі мүмкін деген қауіп те бар, - деді Қайрат Айжарқынұлы.
«ӘКІМДЕРГЕ СЕНІМ ЖОҚ, БАР ҮМІТ ПРЕЗИДЕНТТЕ»
Ауыл халқы мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Олжас Бектенов назар аударуы керек деп есептейді.
Біріншіден, халықтың талабы – үйдің тезірек салынуы. Осы аптада үкімет басшысы Олжас Бектенов құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқан өңірлерге қосымша техника мен жұмыс күшін жібереміз деп айтыпты. Осы көмектің бізге жіберілгенін қалаймыз. Себебі, бұл көмек Нұра мен Мамыр ауылдары өте қажет. Екіншіден, ауылдағы халықтың 90%-ында қора-қопсысы жоқ. Тасқын салдарынан бүлініп, сумен ағып кетті. Бұл мәселені де Үкімет қолға алуы керек деп ойлаймын. Облыс әкімдігі бұл мәселені шеше алмаймыз деді. Ертең малымызды қайда қамаймыз, жемшөп не болады? Мұндағы халық малмен күнін көріп отыр, - дейді ауыл тұрғыны.
Сондай-ақ ол биліктен 90 шақырымға созылған қара жолдың мәселесін қолға алуды сұрап отыр.
Аталған мәселелерге президент, үкімет басшысы, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, депутаттардың назар аударғанын қалаймыз. Облыс, аудан және ауыл әкімдеріне мәселелерімізді айтып болдық. Олардан айтарлықтай көмек болмады. Мысалы, 4 айда ауылда 8 үй ғана тұрғызылды. Халық жан-жаққа босып кетті. Мен әкімдерден үміт күтпеймін, сенбеймін. Президент, үкімет басшысы мен депутаттар мәселені бақылауға алса екен. Облыс, аудан және ауыл әкімдеріне сенім жоқ, - деп сөзін түйіндеді Қайрат Айжарқынұлы.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны болған өңірлерде қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді тапсырған еді. Сондай-ақ табиғи апат салдарынан елімізде 12 мыңнан аса үй бүлінген еді. Оларды жөндеу үшін 260 млрд теңгеге жуық қаржы керек.