Риддер ЖЭО жабдықтары 57,7%-ға тозған
Премьер-министр энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды.
Премьер-министр Риддерде энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді, , деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет басшысы №4 және 5 қазандықтардағы апаттан кейін орта қысымды қазандық агрегаттарының ТП БАЖ жаңғыртылуы және стансаны қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. 1956 жылы пайдалануға берілген ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр.Ондағы жабдықтар 57,7%-ға тозған. Риддер ЖЭО «қызыл аймаққа» жататын 19 жылу көзінің тізіміне енген.
Айта кетсек, биыл энергетика инфрақұрылымын реконструкциялауға 8,5 млрд теңге, оның ішінде Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Агрегаттарды жөндеуге 5,5 млрд теңге, тарату құрылғысын (АТҚ) қалыпқа келтіруге 280 млн-нан астам, ұзындығы 19 шақырым болатын жылу желілерін жаңғыртуға 2,7 млрд теңге бөлінді.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЖЭО-да жылыту маусымының басына қарай 2 қазандық агрегатын іске қосу жоспарланған. Қалғандары температура кестесіне сәйкес суық түсуіне қарай пайдалануға беріледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін жылу көзінің тозуы 40%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.
Жылу желілерін жөндеу жұмыстары биылғы тамыздың соңына дейін аяқталмақ. Жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын 55 учаскеге 127 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Бүгінде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тозуы 78,5%-ға жетеді. Осы көрсеткіш бойынша Риддер де «қызыл аймақта» орналасқан. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 24,1%-ға төмендейді деп күтіледі.
Олжас Бектенов жылыту маусымының қалыпты өтуі үшін энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды. Бүгінде инженерлік желілер 58,4%-ға, 32 орталықтандырылған қазандық 51%-ға, гидроэлектростансалар бойынша 69%-ға және ЖЭО 52%-ға дайын.
Бұл – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан бұл жерде қатаң мемлекеттік бақылау – талап пен қадағалау қажет. Мемлекет осында және жалпы алғанда еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуға өз тарапынан қомақты қаражат салып отыр. Жұмыс қарқынын арттыра түсу керек. Суық түскенде үйлердің жылусыз қалуына немесе оның жеткіліксіз берілуіне жол бермеу керек. Сапаны сақтай отырып, бекітілген кестеден қалып қоймай, алдын ала шаралар қабылдау маңызды. Алдағы жылыту маусымы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші болады, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.