Биыл 9 мыңға жуық этникалық қазақ елге оралды
Олардың көбі Қытайдан келген
Жыл басынан бері 8 758 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ келген. Олардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7%-ы Өзбекстаннан, 5,9%-ы Түрікменстаннан, 5,3%-ы Моңғолиядан, 3,3%-ы Ресейден және 1,3% басқа елдерден оралған.
Қоныс аударушылардың 59%-ы – еңбекке қабілетті жаста, ал 31,1%-ы – еңбекке қабілетті жастан кіші, сондай-ақ 9,9%-ы – зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы – жоғары білімді, 23,2%-ы – орта кәсіби білімді, 55,2%-ы – жалпы орта білімді және 4,6%-ының білім жоқ.
Елге оралған қандастар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында еңбек күші тапшы болғандықтан, қандастар аталған өңірлерге жіберілді.
Биыл қандастарды қабылдауға 2 433 квота бөлінді. Бүгінде өңірлерге 1891 қандас қоныстанды.
Айта кетсек, қандастарға елге көшуге субсидия түрінде 70 АЕК (258,4 мың теңге) бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.