Құжатты жыл сайын 380 мыңға жуық баланың ата-анасы тапсырады
Медициналық қызметтерді цифрландыру аясында Денсаулық сақтау министрлігі баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа көшіру жобасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталмыш құжатты жыл сайын 380 мыңға жуық баланың ата-анасы бірінші сыныпқа баратын уақытта міндетті түрде мектепке ұсынады.
Баланың денсаулық паспорты – денсаулықты нығайтуға, аурулардың алдын алуға және балаларды емдеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы ақпаратты қамтитын негізгі құжат.
Оны қағаз жүзінде жүргізу көбіне жоғалтуға немесе өзекті деректерден айырылып қалуға, емханаларда ұзақ күтуге әкелді. Аталған мәселелерді шешу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа ауыстыруды шешті.
Министрліктің ақпараттық жүйелерін тестілеу кезінде баланың 72 электрондық денсаулық паспорты (052-2/е нысаны) қалыптастырылды. 2024 жылғы тамызда электрондық паспортты EGov Mobile-мен интеграциялау процесін аяқтау жоспарланып отыр.
Ата-аналар үшін электрондық паспортты енгізу қағазбастылықты азайтуды және eGov Mobile және eDensaulyq электрондық қызметтері арқылы балаларының денсаулығы туралы ақпаратқа ыңғайлы қол жеткізуді білдіреді. Білім беру мекемелері оқушылардың денсаулық жағдайы туралы өзекті деректерді жедел ала алады. Олар емханаларда медициналық қарап-тексеруден кейін автоматты түрде беріледі, – делінген министрлік хабарламасында.