Бюджет қаражатын бақылау: Қазақстанның Ұлттық банкінің цифрлық теңге туралы мәлімдемесі
Цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы тестілеуден өтуде
ҚР Ұлттық Банкі Ұлттық қордың қаражатынан цифрлық теңге (бұдан әрі – ЦТ) платформасын пайдалану бойынша пилоттық жобаның сәтті іске қосылғаны туралы хабарлады.
Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі аясында бағдарламаланатын цифрлық теңге «Достық-Мойынты» темір жол учаскесін салуға жұмсалады. Цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы қаржы иесіне оны өз бетінше бақылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банктің мәлмәлетінше, пилоттық іске қосу барысында цифрлық теңге платформасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық теңге қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдардың атына ғана төленеді. Таңбаланған ЦТ-мен есеп айырысу түпкілікті өнім берушілер мен мердігерлерге дейін бүкіл тауар жеткізу тізбегі бойынша жүргізіледі. Барлық тұтынушының цифрлық теңгедегі шоттарға қол жеткізуі нарыққа қатысушылардың қолданыстағы интерфейстері арқылы әдеттегі форматта ұйымдастырылған.
Осылайша, таңбалау технологиясы бөлінген қаражаттың нысаналы жұмсалмау тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жұмсаудың айқын және тиімді болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Пилоттық жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-мен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен, «Қазпошта» АҚ-мен және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп іске қосылды. Пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгейлі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында бюджет қаражатын нысаналы мемлекеттік жұмсау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бойынша бірқатар пилоттық жоба іске асырып жатыр. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, ұлттық цифрлық валюталардағы трансшекаралық есеп айырысу және цифрлық активтер саласындағы есеп айырысу бойынша пилоттық жобалар да жоспарланған.
Цифрлық теңгені енгізудің екінші кезеңінің нәтижесі 2024 жылдың аяғында қорытынды есеп (blueprint paper) форматында ұсынылады.