Олардың кесірінен 39 адам материалдық шығынға ұшыраған
Ақтауда алаяқтар жылжымайтын мүлік пен көліктерді жалға алып, оларды сатумен айналысқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақтау қалалық сотының 4 маусымдағы үкімімен екі тұрғынға ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқтық іс-әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 9 және 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза тағайындалды.
Сотталғандар өздерін тәркіленген автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатуға уәкілетті азаматтар ретінде көрсеткен.
Алаяқтар Ақтау қаласының аумағында қымбат жылжымайтын мүлікті жалға алып, оны тәркіленген мүлік ретінде көрсетіп, арзандатылған бағамен сатуға шығарған. Сенімді көріну үшін олар әлеуетті сатып алушыларды ұсынылған пәтерлерге орналастырып, сол үшін қаражат алып, құқық белгілейтін құжаттарды кейінірек рәсімдейтіндігі туралы уәде берген, – делінген прокуратура хабарламасында.
Алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан 39 адам 1 млрд теңгеден астам материалдық шығынға ұшыраған.