ШҚО-да экология департаментінің басшысы ұсталды
Шенеунік пен компания басшысы соттың санкциясымен қамауға алынды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Антикордың мәліметінше, жасырын жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша «Қалбатау-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін реконструкциялау кезінде аса ірі мөлшерде пара алу фактісі анықталған. Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы 13 шілдеде бұрын келісілген 130 млн теңге көлеміндегі параның 8,5 млн теңгесін алу кезінде әшкереленді.
Шенеунік параны жоғарыда аталған автожолды қайта құру қызметін іске асыратын жол-құрылыс компаниясы директорының орынбасарынан алған. Олар жалпы қамқорлық жасауға әрі компанияның экологиялық заңнаманы бұзғанын жасыра отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартпауға келіскен.
Шенеунік пен компания басшысы ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі соңғы 3,5 жылда жемқорлыққа қатысты 65 құқықбұзушылықты тіркеген. Олар бойынша шамамен 9 млрд теңге залал келтірілген.