Елімізде цифрлық ғылыми портал іске қосылды
Оның бірқатар мақсаты мен функциясы бар
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен «Ұлттық инновациялық жүйе» бірыңғай терезесі аstanahub.com» ақпараттық жүйесі негізінде Қазақстанның цифрлық ғылыми порталы (ЦҒП) іске қосылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ЦҒП басым бағыттар бойынша ғылымды дамытуға, ғылыми қоғамдастықты кеңінен қамтуға, ғалымдардың, инноваторлардың, мемлекеттік органдардың, бизнестің, жер қойнауын пайдаланушылардың және халықаралық серіктестердің өзара әрекеттесуі мен ынтымақтастығы үшін мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Портал экономика мен қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін ғылым мен инновация саласындағы күш-жігерді үйлестіруге ықпал етеді, деп мәлімдеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Порталдың «Ғылыми жарияланымдар» санатында ғылыми зерттеулер жариялауға, ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға, деректер базасы мен сараптамалық ақпаратқа қол жеткізуге болады. «Іс-шаралар» модулінен ғылыми конференциялар, семинарлар мен форумдар туралы білуге болса, «E-labs лабораториялар базасы» модулі зертханалар, жабдықтар және ғылыми ұйымдар туралы ақпарат ұсынады, – деп толықтырды ведомство.
Министрлік ғылыми ұйым өкілдерін astanahub.com платформасына тіркеліп, онда өз зертханалары туралы ақпарат енгізуге шақырды. Бұл ғылыми ресурстарды тиімді көрсетуге, жаңа серіктестер тартуға және кәсіби байланыстар желісін кеңейтуге септігін тигізеді.