Сот отырыстары сотталған азаматтың ұжымының қатысуымен өтті
Кеше Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысы Ж. Жолдыхановқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Антикордың мәліметінше, сотталушы бюджет қаражатын жымқырған бас есепшіден 280 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған. Ж. Жолдыханов 11 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Алдын алу шаралары аясында сот отырыстары сотталған азаматтың ұжымының қатысуымен өтті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, Жетісу облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша Талдықорған қаласының білім бөлімінің лауазымды азаматтарына қатысты тергеу аяқталған болатын. Қылмыстық топ 2020 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында құқықбұзушылық іс-әрекеттермен айналысты. Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген азаматтарға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.