Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек бағдарламасы енгізілді
Балалар мен олардың ата-анасына психологиялық көмек көрсету бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді
Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету бағдарламасы енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бағдарламаның мақсаты – зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған, сондай-ақ қылмысқа куә болған балаларға кешенді көмек көрсету. Құжат балалардың эмоциялық, когнитивтік және мінез-құлқындағы салдарларды еңсеруге бағытталған.
Аталмыш бастама балаларға көмек көрсету алгоритмін және кәмелетке толмаған балалардың қажеттіліктерін бағалау негізінде медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету түрлерінің кешенін қамтиды. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Әрбір бала зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиіс. Осы бастаманың қабылдануы – мемлекет пен қоғамның бала құқығын қорғау және әрбір баланың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз етудегі міндеттемесінің көрінісі. Бұл бағдарлама – балаларға зардап салдарымен күресу және психологиялық тұрғыда қолдау жүйесін құрудағы маңызды қадам, – деді Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.
Көмек көрсету облыстық деңгейде психологиялық қолдау орталықтарының, аудандық деңгейде білім бөлімдерінің базасында іске асырылады.