Президенттің баспасөз хатшысы Үкімет қайта жасақталатынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы қазір «нон-стоп» режимінде жұмыс істеп жатыр
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында 11 қаңтарда ауыс-түйіс болатынын мәлімдеді.
Президент оның анонсын өзі жасады. 11 қаңтарды күтейік. Президенттің алдына түсіп, шешімдерін айтуға менің құқығым жоқ. Президент Үкіметті отставкаға жібергенін білесіздер. Барлық министрлер - қазір міндетін атқарушы. Қайтадан тағайындалады. Сол кезде кімді қалдыратынын, кімді ауыстыратынын Президент өзі шешеді. Үкімет қайтадан жасақталады. Ауыс-түйіс болатыны сөзсіз, айқын. Халық қазір ауыс-түйіс күтеді. Бірақ қазіргі таңдағы басты мақсат – тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтарымызды тұрмысын бұрынғы қалыпты жағдайына оралту. Сол бағытта қазір құқық қорғау органдары жанталаса жұмыс істеп жатыр, - деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері бір аптаның айналасында елдеріне қайтарылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір «нон-стоп» режимінде жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, 5 қаңтарда Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, Үкіметтің отставкасын қабылдады. Премьер-министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.