Halyq Uni логотип
×

«Жасанды жаңбыр жауғызу» ақырзаманға алып бармай ма?

Аралға жасалып жатқан тәжірибе басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін

 Халық үні 17.07.2024 | 20:28
«Жасанды жаңбыр жауғызу» ақырзаманға алып бармай ма?
фото: kartin.papik.pro

Соңғы кезде әлеуметтік желіде «Қолдан жаңбыр жауғызды» деген Алтай Айнабектің еңбегі қызу талқыға түсіп жүр. Baq.kz Алтайдың өзіне хабарласып, жұмысы жайлы сұрап көрді.

Алтай Айнабек климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының жетекшісі,«жасанды жаңбыр жауғызу» технологиясының авторы. Қазіргі уақытта Арал өңіріне арнайы қондырғыларын орнатып, «жасанды жаңбыр жауғызу» процесімен айналысып жүр. Бұл жүйе «Clear Sky Manager New Generation» деп аталады. Алтайдың айтуынша, Аралға жасалып жатқан тәжірибе басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін.

Біз Қазақстанда жұмыс жасаған мерзімдер 2021 қазан, 2022 наурыз, сәуір, мамыр, 2023 жыл тамыз айы. 2024 маусымнан 18 бастап жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кездердің барлығына ортақ құбылыс бар. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған. Бұл бірінші этап, - дейді Алтай Айнабек.

Оның айтуынша, климат технологиялық әсерге үйренген.

Бұл технологиямыздың шыңы емес. Шілде айына, әлемдегі қуаңшылыққа, біздегі болжанған қуаңшылыққа қарамай су қазір көп. ҚР Бас прокурорының мәлімдемесіне сай соңғы 5 жылда 610 000 га орман өртенген. Дала өртін есептемегенде. Құдайға шүкір, технологиялық жауынның арқасында қазір одан аманбыз. Маусым айында деңгейі түсіп қалатын оңтүстіктегі су қоймалар керісінше қалпына келе бастады. Температура түсіп Аралдың суының буланып кеміп, су деңгейі шілде айына, қуаңшылыққа қарамай көтеріліп жатыр, - дейді ол.

Ол орнатылған технологиядан тағы бір оң көрсеткішті байқағанын айтады.

«Ыстық толқынды күндердің беті қайтып, денсаулығы нашар адам өмірін сақтауға, адамдардың жұмыс істеуге қабілеті артуда. Бидай өнімінде биыл тарихи рекорд болады деген болжам бар. Атмосферада да оттегі концентрациясы көп, ауа тазаруда», - дейді Алтай Айнабек.

Арал өңіріне орнатылған құрылғылардың тұрғындар денсаулығына әсер ете ме, жоқ па оны да сұрадық.

Денсаулыққа зияны жоқ, өйткені технология табиғи процестерді иммитация жасайды. Бельгиялық DeNayer лабораториясынан рұқсатнама алынған, - дейді Алтай Айнабек.

Техниканы орнатуға әкімдік те арнайы рұқсат берген. Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақовқа хабарласып мән-жайды білдік.

Аудан әкімімен кездесу болды. 3 жерге арнайы құрылғыны қойдық. Рұқсатын алды. Бірінші қойған кезде нәтижесі болмады. Үшінші қондырғыны Қазалы өңіріне алып барып қойғанда шамалы өзгеріс бола бастады. Шынын айтсам Алладан артық ештеңе жоқ қой. Алланың нұры шығар. Халық енді екі түрлі пікірде. Бес саусақ бірдей емес қой. Мен Алтаймен тығыз байланыстамын, - деді Батыржан Ұзақов.

Алайда қала әкімі басқа ғалымдармен байланысып, Алтайдың жасап жатқан тәжірибесі жайлы сұрамаған. Бізге берген жауабында «ол біздің құзыретімізге кірмейді» деп қысқа қайырды.

Ғылыми негізде анығын білу үшін ғалымдарға хабарласып, мән жайды білмекке ұмтылдық. Тек халықаралық сарапшы Ерлан Бадашевпен байланысып, пікір алуға мүмкіндік болды. Ол табиғатқа қол сұғуға болмайтынын алға тартады.

Мысалы Дубайда жаңа технологиямен жаңбыр жаудырамын деп табиғат құбылысына қол сұқты. Соның салдарынан су басып кетті. Табиғатқа қол сұғуға болмайды. Солтүстік Аралдың өзі онсыз да төмен түсіп бара жатыр. Былтыр 2 млрд текше метрден астам су жіберілген. Солтүстік Аралды ұстап тұру үшін 4-5 млрд текше метр су керек, - дейді ол.

Биыл аталған өңірде жаңбыр жиі жауып жатыр. Қондырған құрылғының әсері бар-жоғын сарапшы былай түсінірді.

«Биыл жаңбыр барлық жерде жиі жауып жатыр. Жаңбырдың жаууы жақсы. Бұл табиғи құбылыс. Кезінде белгілі мерекелік шараларда тікұшақпен бұлтты ыдыратып, жаңбыр жауғызбау технологиясы да қолданылған», - деді сарапшы.

Ерлан Бадашевтің айтуынша, мұндай жасанды қолдан жаңбыр жауғызу ғылымы қажет емес.

Біз ғылымды суды үнемдеу технологиясына, суды тазартып қайта қолдану техникасына арнауымыз керек. Ғылымы дамыған Израиль елі де жаңбырды қолдан жауғызып жатқан жоқ. Олар мен жоғарыда айтып өткен технологияларды пайдаланады. Климатты адам өзгертпеуі керек. Ешқашан табиғат адамзатқа бағынбауы тиіс. Ал бұл жігіттің істеп жатқаны табиғат адамға бағынды болып тұр. Биыл тасқын су да табиғат заңдылығы екенін дәлелдеп берді. Адам табиғатпен үндесуі керек. Адам табиғатты бағындыратын болса соңы ақырзаманға барады. Климаттың өзгеріп жатқаны адамның ықпалының әсерінен. Соның себебінен табиғат өзінің белгілі қалпына келу үшін су тасқыны болып жатыр, - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама