Жетісу облысындағы балабақшаларда сотталған адамдар жұмыс істеген
Прокуратура көптеген заңбұзушылықтарды анықтады
Жетісу облысында прокуратура білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты 200-ден астам заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратура мәліметінше, Сарқан, Қаратал және Панфилов аудандарындағы 12 балабақшаның жанындағы жолда жаяу жүргіншілер өткелдері мен «Балалар» белгілері жоқ. Ал Сарқан және Алакөл аудандарындағы екі балабақшаның аумағы толық қоршалмаған. Салдарынан мекеме аумағына бөгде адамдардың кедергісіз кіруіне мүмкіндік берілген.
Бұған қоса Панфилов ауданының 55 жеке балабақшасында «Шақыру дабыл түймесі» жүйесі жоқ. 40 балабақшада өрт қауіпсіздігін хабарлау жүйесі жұмыс істемейді, ал екі балабақшада олар мүлдем болмаған. Алакөл, Ескелді және Сарқан аудандарының 7 балабақшасында бейнебақылау камераларының көпшілігі жұмыс істемейді.
Ақсу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының 9 балабақшасы өз қызметін мерзімі өткен санитарлық қорытындылар негізінде іске асырды. Ал кейбір жағдайларда мерзімі өткен медициналық препараттар сақталған. Ақсу ауданының 8 балабақшасында ішек таяқшалары табылды. Сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарына қайшы, облыстың балабақшаларында бұрын қылмыс жасағаны жауапкершілікке тартылған 11 адам жұмыс істеген, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, прокурорлар Кербұлақ ауданының балабақшаларында жалпы сомасы 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 22 қадағалау актісі енгізілді. 40 адам әкімшілік жауапкершілікке, 7 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.