Алматыда көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін ай сайын шекті баға белгіленеді
Сатып алынатын көкөністердің жалпы көлемі – шамамен 10 мың тонна
Алматыда көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін ай сайын шекті баға белгіленеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы» ӘКК «Magnum Cash&Carry» ЖШС-мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төрт түрін: картоп, сәбіз, пияз және қырыққабатты сатып алу бойынша қарыз шартына қол қойды.
Көкөністердің бағасын тұрақтандыру келісімі 2024 жылдың 1 қыркүйегінен 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін күшінде болады. Ол бойынша ай сайын шекті баға белгіленеді.
Бір келінің орташа шекті бағасы: сәбізге 171 теңге, картопқа 168 теңге, қырыққабатқа 140 теңге, пиязға 114 теңге белгіленді.
Сатып алынатын көкөністердің жалпы көлемі – шамамен 10 мың тонна. Ол «Магнум» желісі арқылы төмендетілген бағамен сатылады. Сатушының сауда үстемесі 10%-дан аспайды.
ӘКК 1 қыркүйекке дейін ЖҚТБ-ның 13 позициясының бағасын тұрақтандыруды жалғастырады: қарақұмық, рожки, күріш, күнбағыс майы, май, айран, сүт, сүзбе, тауық еті (аяқтар мен жамбас), сиыр еті, ұн, нан мен тұз.