Төрт облыста құрылыс қарқыны төмен
Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде су тасқыны салдарынан 19 мың 342 жылжымайтын мүлікке зақым келген. Оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінде 2 мың 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлікті сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үкімет басшысы СҚО-да 200, Павлодар облысында 5 жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында 22 үй қолданысқа беріледі. Тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шаралар қабылданғаны назар аударылды. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етіліп, барлық кемшіліктер жойылды. Салынып жатқан үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-25 күнге арттақалушылық бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен.
Үкімет басшысы әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техника жұмылдыруды тапсырып, президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды. Бұл ретте премьер-министр құрылыс нормаларын бұзуға жол бермеу керектігін талап етті.
Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді, — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Қанат Шарлапаев, Энергетика және Көлік вице-министрлері жұмыс уақытының негізгі бөлігін барлық жұмыс аяқталғанға дейін өңірлерде, тікелей құрылыс алаңдарында өткізетін болды.
Жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі
Анықтама үшін, тасқыннан зардап шеккен аймақтардағы үйлер 100% тексеріліп, бағаланды. Бағалау қорытындысы бойынша 9 082 үй жөндеуге жатады. Жалпы көлемі 44,1 млрд теңгеге 7505 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 8 578 нысан қалпына келтіруге жарамайды. Бүгінде 3 921 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алса, 2 578 жаңа үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 33 820 отбасы 12,5 млрд теңгеден астам 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Зардап шеккен тұрғындардың жоғалтқан аса қажетті заттарын сатып алу үшін 20 606 отбасына 9,4 млрд теңге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленді.
Суға кеткен малдың өтеуі үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша өңірлік комиссиялар ШОБ субъектілерінің жалпы көлемі 1,5 млрд теңге болатын 178 өтінімін қарап, мақұлдады.