Әділет министрлігі сотқа арызданды
Ақтөбе облысының прокуратурасы нотариустардың қызметінде атқарушылық жазбаны жасау кезінде заңдылықты сақтауына тексеру жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы нотариустардың бірі борышкерден бір микроқаржы ұйымының пайдасына 50 мың теңгеден астам қаржыны өндіру туралы атқарушылық жазба жіберген.
Материалдарды зерделеу барысында борышкердің Атырау қаласында тұратыны және тұрғылықты жері бойынша тіркелгені, ал несие беруші микроқаржы ұйымы Қарағанды облысында орналасқаны анықталды.
Заң талаптарын бұза отырып, аталған азамат өндіріп алушы, борышкер және нотариус әртүрлі қалаларда тіркеуде тұрғанына қарамастан, осындай 2 мыңнан астам заңсыз атқарушылық жазбаларды жасаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Облыстық прокуратураның қадағалау актісіне сәйкес Әділет министрлігі оны нотариус лицензиясынан айыру туралы талап арыз берді.
Ақтөбе облыстық сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен нотариус нотариаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айырылды.