Министрлік жұмысына жүргізілген талдау бірқатар кемшілікті көрсетті
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарайды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші тоқсанында Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының 2022-2023 жылдардағы қызметіне аудит жүргізіп, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын, сатып алуларын, логистикасын, инспекцияларын және қауіпсіздігін бағалауды реттейтін заңнамадағы бірқатар жүйелік кемшілікі анықтаған болатын.
Аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілікті анықтаған. Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты.
Палата төрағасы Әлихан Смайылов министрлік шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлегенін, осылайша баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате екендігін айтқан еді.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік препараттардың құнын қалыптастыруға қатысты ведомство тарапынан жасалған жұмыстарды атады.
Мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін қамтитын фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. 2024 жылғы наурызда стратегиялық ұсыныстарды әзірлеуге жауапты бейінді департамент құрылды. Сатып алу тиімділігін арттыру үшін Бірыңғай дистрибьютор жарамдылық мерзімдерін ескере отырып, тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізді. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталмақ. Бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, ішкі тергеу нәтижесінде жүйелі кемшіліктер мен тиісті бақылаудың жоқтығы анықталған. Бұл ретте министрліктің жауапты бөлімшелері мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының негізгі басшылары қызметінен босатылды.