×

Қазақстанда 3 мың адам онкологияға қарсы дәрінің сынағына қатысады

Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өткізіледі

 Динара Амантай 16.07.2024 | 13:47
фото: Halyq Uni

Елімізде қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі-дәрмектерді клиникалық сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, зерттеуге онкологиямен ауыратын 15 науқас қатысқан.

1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа 3 мыңға жуық адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп, тіркелді. Қаражат Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қарастырылған – зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 млрд теңге тамызда аударылады. Жыл соңына дейін біз барлық деректі өңдейміз. Келесі жылы дәрі-дәрмекті тіркеуге шығарамыз деген сенімдеміз, — деді Саясат Нұрбек.

Онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірі – тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша препарат тиімділігін көрсетті. Ісіктің қалыптасуы орта есеппен 30%-ға азайды.

Екінші кезең түрлі қатерлі ісігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті тексеріп көруді қамтиды. Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама