Тимур Сүлейменов президентке антифрод-орталықтың қалай құрылып жатқанын баяндады

Динара Амантай

Банк төрағасы ақша-несие саясатының қорытындысы туралы есеп берді

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің биылғы жартыжылдықта іске асырған ақша-несие саясатының қорытындысы туралы есеп берілді.

Тимур Сүлейменов президентке Қазақстандағы және әлемдегі экономикалық жағдайдың даму барысы және инфляцияның қарқыны мен оны тұрақтандыру шаралары жөнінде баяндады.

Ұлттық банк төрағасы жылдық инфляцияның бәсеңдегенін және ішкі экономикада проинфляциялық факторлардың сақталып отырғанын айтты. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйіне тоқталды.

Бұдан бөлек, Ұлттық төлем жүйесі мен ашық банкинг принциптерін дамыту және қазақстандықтардың қаржысын алаяқтардан қорғау үшін антифрод-орталық құру жобаларын іске асыруға қатысты мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің қызметіне, соның ішінде инфляцияны одан әрі тұрақтандыру және цифрлық қаржылық инфрақұрылым жасау жөнінде бірқатар тапсырма берді.