Биыл 300 мыңнан астам тұрғын газбен қамтамасыз етіледі – Энергетика министрлігі
Ол үшін үш ірі газ желісі салынбақ
Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев газдандыру және газ тасымалдау жүйесін дамыту барысы туралы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60%-ы немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, елді одан әрі газдандыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, іс-шаралар жоспары аясында Үкімет қосымша 105,4 млрд теңге бөлген. Бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етіп, 1700 шақырымнан астам газ желісін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Ел тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі стратегиялық инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін, «Ақтөбе – Қостанай» магистралды газ құбырын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу, – деді министр.