Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Асхат Жұмағалидің төрағалымен алқа отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында өңірлерде жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы жұмыстың маңыздылығы атап өтілді. Биыл Антикордың жергілікті атқарушы органдарға жүргізілген тексеруі барысында әкімдік қызметкерлеріне қатысты 203 қылмыс тіркеліп, олар бойынша 144 адам әшкереленді.
Мәселен, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәдениет басқармасы басшысының орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады. Ол қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, бюджет қаражатын жымқырып және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінді. Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 125 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Күдікті сотқа тартылды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, кәсіпкерлерге ұлының оқуына ақы төлеуге қатысты және дизельді отынмен қамтамасыз ету туралы заңсыз нұсқаулар берген.
Бұған қоса, шенеунік өңір кәсіпорындарының кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтірген. Шенеунік олардың сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеген.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.