Мүгедектігі бар қазақстандықтардың цифрлық білім алуына жағдай жасалған ба?

Halyq Uni

Мүгедектегі бар азаматтар қазақ және орыс тілдерінде білім ала алады

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың білім алуына, оның ішінде цифрлық білім алып, біліктілігін аттыруына мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр. Елдегі мүгедектігі бар жастарды оқытуға арналған арнайы лагерь бар, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет еліміздегі барлық жастардың білім алуына ерекше мән береді. Оның ішінде мүгедектігі бар жастардың білім алуы, цифрлық дағдыларды меңгеруіне ерекше көңіл бөліп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда мүгедектігі бар жастардың цифрлық білім курсын бастауды жоспарлап отыр. Ол жоба «OrleTECH 3.0» қайырымдылық жобасы аясында іске асырылады.

Ведоствоның мәліметінше, курс қатысушылары No code әзірлеу, UX / UI design және AI сынды  цифрлық кәсіптерді игереді. Министрлік оларды оқытып қоймай, сонымен қатар жастардың өз бағыттары бойынша жұмысқа орналасуына көмектесетін болады. Қатысушылар курсты ымдау тілінде қазақ және орыс тілдерінде оқи алады.

Жобаның алғашқы легіне қатысуға еліміздің барлық өңірінен 1500 жас өтініш білдірген. Алайда іріктеудің барлық кезеңінен өткен 18-35 жас аралығындағы 180 жас оқып бастады. Ұйымдастырушылар жобаға қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі студенттер екеніне назар аударды. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттырып, қоғамның барлық саласы бойынша құқығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Құжат 2025 жылға дейін деп бекітілген. Сонымен қатар министрлік былтыр елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданғанын еске салды. Соған сәйкес, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді. Атап айтқанда ол жүйе мемлекеттік жәрмеақы, әлеуметтік төлем, оңалту іс-шаралары, арнаулы қызмет көрсету, білім беру, жұмысқа орналасу және т.б. көмек көрсетеді.

«Қазіргі таңда министрлік инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Құжат еліміздегі әрбір азаматтың ерекшелігіне қарамастан сапалы өмір сүріп, өзінің әлеуетін іске асырып, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауды көздейді. Ал аталған жоба мүмкіндігі шектеулі азаматарға цифрлық мамандықтар бойынша тегін білім алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша үкімет мүгедектігі бар азаматтардың біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды. Бұл түптеп келгенде еңбек нарығында жұмыс тауып, әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді министрлікте.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар 725 мың азамат бар. Оның ішінде кәмелетке толмағандар 15,1%, зейнет жасындағылар 26,9%. Ал 58% еңбекке жарамды.

Министрлік еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтарды цифрлық дағдыларды оқыту арқылы олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман етіп шығаруды жоспарлап отыр. Лагерьде қатысушыларға көшбасшылық, коммуникация, жасанды интеллект, эмоционалдық интеллект сынды құзіреттілікті арттыруға көмектесетін оқу бағдарламалары қамтылған. Жобаның алғашқы кезеңінде лагерь Астанада ұйымдастырылады. Алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде өткізу жоспарланған.