Halyq Uni логотип
×

Су шаруашылығы және ирригация университеті құрылады

Оқу орны жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайды

 Динара Амантай 15.07.2024 | 14:52
Су шаруашылығы және ирригация университеті құрылады
Фото: t.me/KZgovernment

Тараз қаласында жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биылғы сәуірде Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған.

Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — «Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды. Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайды.

ҚазҰСШИУ-да «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі.

Биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдайды деп жоспарланып отыр.

ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. Онда 4 мыңдай студент білім алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама