Halyq Uni логотип
×

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды

12 мыңнан аса адамның өтінімі қабылданды

 Динара Амантай 15.07.2024 | 14:14
«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды
Фото: golos-naroda.kz

Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімін жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Банктің мәліметіне сәйкес, барлығы 38 320 өтінім өңделіп, оның ішінде 12 500 қазақстандық бағдарлама қатысушысы атанған. Олардың басым бөлігі – ер адамдар.

Тізімге енген азаматтардың 7 мың 151-і – отбасылы қазақстандықтар, 9 мың 100-і – кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар. Қатысушылардың шамамен 47%-ы – тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Олардың жартысы халықтың әлеуметтік осал санатына жатады.

Ең жас қатысушы – Шымкент қаласының 18 жастағы тұрғыны. Ол политехникалық колледжде IT мамандығы бойынша білім алып жатыр. Отбасы банкінен депозитке ашып, алғашқы жарнаға қаражат жинауға баланың ата-анасы көмектескен екен. Енді тәлімгер Алматыда пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

«Наурыз» бағдарламасына қатысушылар 15 шілдеден 14 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында Отбасы банкіне кредиттік өтінім беруге тиіс. Егер бағдарламаға қатысушы заем бойынша оң мақұлдау алса, онда желтоқсанның ортасына дейін баспана тауып, оны сатып алуға уақыты болады, – делінген Банк хабарламасында.

Өтініш берушілер мен жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланған.

Ұпайлар қалай есептеледі?

  • салым бойынша сыйақы мөлшері – әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
  • тіркелген некенің болуы – 5 ұпай;
  • балалардың болуы – 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы – 10 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

«Наурыз» бағдарламасының шарттары:

  • алғашқы жарна – 20%-дан бастап;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
  • азаматтардың барлық санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
  • несие мерзімі – 19 жылға дейін.

«Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:

  • алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;
  • моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

  • Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін.
  • қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді Баспана маркет порталынан таңдап, брондай алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Қазір банк Баспана маркет порталында «Отау» бағдарламасына қатысушылар үшін де, «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін де тұрғын үй нысандарын белсенді орналастырып жатыр. Қазір таңдауға 13 789 пәтерден тұратын 480 тұрғын үй кешені ұсынылған. Бұл тізім күн сайын толықтырылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама