Ол бірқатар ұлттық компанияларда басшылық қызметте болған
«Самұрық Қазына» ҰӘҚ экс-топменеджері Марат Айтенов қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 73 - бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушыға қатысты іс қаралды.
Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол бұрынғы жұбайы оның өтініші бойынша балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермегенін түсіндірді. Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан. Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын атап өтті, - деді сотта.
Соттың мәліметінше, жәбірленуші бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде заңсыз жүріп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтіргеніне шағымданған. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады.
ӘҚБтК-нің 73 - бабының 1-бөлігінің санкциясы ескертуді немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, 5 тәулікке қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, Марат Әйтенов «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарған. Сондай-ақ «Астана-қаржы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған. Айта кетейік, оның інісі Мұрат Әйтенов 2022-2023 жж Шымкент қаласының әкімі болды.