Halyq Uni логотип
×

Биыл 212 адам жемқорлыққа қатысты қылмыспен әшкереленді

Антикор жұмыс нәтижелерін жариялады

 Динара Амантай 15.07.2024 | 11:05
Биыл 212 адам жемқорлыққа қатысты қылмыспен әшкереленді
Фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі республика бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты жүргізілген жұмыс қорытындысын жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, биыл жемқорлыққа қатысты 49 дерек анықталып, 212 адам әшкереленген.

ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы және Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеу аяқталды. Лауазымды азаматтар жалпы көлемі 40 млн теңгеден астам бизнес өкілінен жүйелі негізде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылды, – делінген Антикор хабарламасында.

Сонымен бірге Павлодар облысында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды азаматтарына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Күдіктілер аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша айыпталды.

Шарбақты ауданының аумағында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 млн теңгеге орман ағаштарын ұрлаған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері соттың санкциясымен қамауға алынды.

Осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын «Семей Орманы» басшылығы сотталған болатын.

Тұрақты жемқорлық қылмыстарының жолын кесу мақсатында Агенттік бейінді министрліктің атына тиісті ұсыныс жолдады.

Бұған қоса, Түркістан облысында білім беру саласында жемқорлық әрекеттері үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Шардара ауданының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 12 адамнан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар кезеңінде жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Жетісу облысында агенттік ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында оған қатысу дерегі бойынша Талдықорған қаласы білім бөлімінің лауазымды азаматтарына қатысты тергеуді аяқтады. 13 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында заңсыз қызметпен айналысқан. Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған.  Қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Сонымен қатар, 460-тан астам автокөлікті заңсыз есепке қоюмен айналысқан ҰҚТ мүшелеріне – елордалық мамандандырылған ХҚКО қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне және қатардағы азаматтарға (12 адам 3,5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 3 адам 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды) қатысты үкім шығарылды. Олар мемлекетке 1,2 млрд теңге шығын келтірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама