Ол үшін жаңа комитет құрылады
Қазақстанда суды заңсыз пайдаланушылармен күрес күшейеді. Ол үшін жаңа комитет құрылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Судың «қара нарығымен» күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен күресетін болады. Ссондай-ақ еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметті анықтаумен айналысады.
Министрлік суды заңсыз пайдаланумен белсенді күрес іс-шараларын қолға алды. Бұл мәселе ерекше бақылауда. Жаңа комитеттің жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және еліміздің су ресурстарын қорғауға бағытталған. Бұл жұмыстар заңнамаға енгізілетін өзгерістермен бірге судың «қара нарығына» қарсы күресті едәуір күшейтуі тиіс,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі 2023 жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған министрліктің жұмысын сынаған болатын.
Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанда су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылдаған.
Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар, - деді Тоқаев.