×

Қырғызстанда күшті сел 7 көлік пен бір үйдің 4 адамын ағызып әкетті (ВИДЕО)

134 үйді су басып, 17 үйдің қоршауын қиратқан

 Халық үні 14.07.2024 | 23:55
фото: видеодан скриншот

Қырғызстанның Ош қаласында сел кезінде 4 адам ұшты-күйлі жоғалып кетті, деп хабарлады 24.kg.

Ош қаласының «Молбұлақ» демалыс орталығында демалып жатқан 4 адамды тасқын су алып кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қала мэриясының басшысы Жұмамидин Сулайманқұлов мәлімдеді.

Сондай-ақ ағын су 7 көлікті ағызып әкетті, оның төртеуі табылды, - дейді ол.

Қалада төтенше жағдай режимі жарияланды.

ТЖМ-нің алдын ала ақпараты бойынша, су тасқынында жоғалып кеткен адамдар – бір отбасының мүшелері, яғни 44 жастағы әйел мен оның 19, 8 және 6 жасар 3 қызы.

Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнында 46 құтқарушы жұмыс істеуде. 420 адам эвакуацияланған.

Ош облысы аумағындағы күшті селден кейін Қарасу аудандық электр желілері үзіліп, 7,5 мың тұтынушы жарықсыз қалды. Су тасқыны 8 электр тірегін шайып кетті.

Қазір қалпына келтіру жұмысына 26 адам және 6 арнайы техника жұмылдырылған.

ТЖМ мәліметіне сенсек, 134 үйді су басып, 17 үйдің қоршауын қиратқан.

Селден зардап шеккен 30 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 17-сіне жергілікті жерде көмек көрсетілді. 9 адам қалалық клиникаға, 4 адам облыстық ауруханаға жатқызылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама