×

Трампқа оқ атқан қылмыскер 20 жастағы жігіт болып шықты (ВИДЕО)

Бұған дейін ол республикалықтар мен Дональд Трампты жеккөретінін айтқан

 Халық үні 14.07.2024 | 22:26
фото: видеодан скриншот

Желіде АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қастандық жасады деген күдікке ілінген ер адамның видеосы тарап жатыр. Саясаткерге оқ атқан азамат туралы тағы бірқатар ақпарат белгілі болды.

Бұған дейін ФТБ өкілдері Дональд Трампқа оқ атқан ер адам Пенсильвания штатындағы Бетел-Парк қаласының 20 жастағы тұрғыны Томас Мэтью Крукс екенін анықтаған болатын. CNN-нің хабарлауынша, оқиға орнында көз жұмған жігітте өзінің жеке басын куәландыратын ешқандай құжат болмаған.

Сол себепті ФТБ агенттері ДНҚ сараптамасын өткізіп, биометриялық сәйкестікті растау керек болды, - деді ФТБ-ның Питтсбургтегі басқарма басшысы, арнайы мамандандырылған агент Кевин Ройек.

ФТБ өкілдері сараптамадан кейін Томас Мютью Крукстың есімін атады. Оқиғадан кейін желіде дәл осы атпен өзін таныстырып, республикалықтар мен Дональд Трампты жеккөретінін айтқан ер адамның видеосы тарап кетті.

CNN ақпаратынша, Крукс Бетел-парктегі орта мектепті 2022 жылы тәмамдаған. Ол сайлауға дауыс беруде республикалық ретінде тіркелген. Бұл Крукстың дауыс бере алатын дәрежедегі алғашқы президенттік сайлауы болған.

CNN арнасы сенбі күні кешке күдіктінің әкесі Мэтью Крукспен байланысқа шыққан. Ал 20 жастағы жігіттің әкесі не болғанын анықтауға тырысып жатқанын айтты. Ол ұлы туралы ақпарат бермес бұрын алдымен құқық қорғау органдарымен сөйлесетінін жеткізді.

The New York Times басылымының жазуынша, Пенсильвания соттарында Трампқа оқ атқан жігітке қатысты бұған дейін істер қозғалмаған.

Еске сала кетсек, оқыс оқиға Дональд Трамптың Пенсильвания штатындағы Батлер қаласында өткен халықпен кездесуінде болған. Арнайы қызмет өкілдерінің хабарлауынша, оқиға салдарынан кездесудің бір қатысушысы көз жұмып, екеуі жараланған. Сондай-ақ оқ Трамптың оң жақ құлағын жаралап, көп қан кеткен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Трампқа жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді.

Дональд Трамп қастандықтан кейін желіде мәлімдеме жасады. Ол шұғыл әрекет еткен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, қаза тапқан адамның туыстарына көңіл айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама