Ең кішісі 4 жаста екен
Орал қаласында полиция із-түзсіз жоғалған кәмелетке толмаған үш баланы іздеп тапты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қалалық полиция бөліміне кәмелетке толмаған үш баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Олардың ең кішісі небәрі 4 жаста екендігі белгілі болды, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
БҚО полиция департаментінің барлық қызметі мен бөлімшелеріне және шекаралас облыстарға дереу іздестіруге бағыт-бағдар берілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері Ақтөбе облысындағы әріптестермен бірлесіп, жоғалған балаларды автобустардың бірінен тапты. Олар басқа аймақта тұратын әкесіне кетуге шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта жоғалған балалардың барлығы аналарына қайтарылды. Олардың жағдайы жақсы, өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – деп толықтырды ведомство.
Полиция департаменті ата-аналарға балаларына және олардың өміріне өздері жауапты екенін ескертеді. Мұндай фактілерге жол бергені үшін Қазақстанның заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.