Істің тергеп-тексерілуі ерекше бақылауға алынды
Атырау облысының прокуратурасы Махамбет ауданында жасы кәмелетке толмағанның қаза болу дерегі бойынша ақпарат жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биылғы жылдың 4 шілдесінде Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылында ауылдасы келтірген соққыдан 17 жасар жасөспірім мерт болды.
Полиция аталған дерек бойынша «Абайсызда қазаға ұшырату» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 11 шілдеде Атырау облысы прокуратурасының нұсқауымен күдіктінің әрекеті «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен дәрежеленіп, ол қамауға алынды, – деп толықтырды ведомство.
13 шілдеде оған қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Істің тергеп-тексерілуі ерекше бақылауға алынды.
«Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекетіміздің ең жоғары құндылықтары. Адамның өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық заң бойынша қатаң түрде қудаланады», – деп ескертті қадағалаушы орган.