Астана-Милан бағытында жаңа әуе рейсі ашылды
Бұл Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты дамытпақ
Астана халықаралық әуежайы Милан мен Қазақстан астанасын байланыстыратын NEOS-тың жаңа рейсін қарсы алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
13 шілдеде Италияның Қазақстандағы елшісі Альберти Марконың, сондай-ақ ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Әділет Майбасарұлы Көбеновтың қатысуымен Милан-Астана рейсінің ресми ашылуы салтанатты түрде өтті, деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы.
NEOS авиакомпаниясының рейстері Boeing 787 Dreamliner ұшағында орындалады. Бұл жолаушыларға Миланнан Қазақстанның астанасына және кері бағытқа жылдам әрі жайлы саяхаттауға мүмкіндік береді, – деп толықтырды әуежай.
Шара қонақтары екі астана арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамытуға септігін тигізетінін атап өтті. NEOS авиакомпаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның азаматтық авиациясы және көлік-логистикалық саласының дамуына оң әсер етеді.