Halyq Uni логотип
×

ҰБТ-да ереже бұзған 628 талапкердің тест нәтижесі жойылды

Оның ішінде бейнежазбаны тексеруден соң 47 адамның ереже бұзғаны анықталды

 Қымбат Елтайқызы 13.07.2024 | 15:00
ҰБТ-да ереже бұзған 628 талапкердің тест нәтижесі жойылды
фото: Sputnik / Айсулу Жумагулова

2024 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу кеше аяқталды. Ұлттық тестілеу орталығы оның қорытынды мәліметтерін таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер (екі мүмкіндікті есепке алғанда 326 мың рет) ҰБТ тапсырды. Оның ішінде:

  • талапкерлердің 75,1%-ы қазақ тілінде, 24,8%-ы орыс тілінде, 168 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті;
  • шекті балды 76,4%-ға жуық (139 мың) талапкер жинады;
  • орташа балл – 68 балл;
  • 641 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қатысты;
  • ең жоғары балл – 140.

Ереже бұзғаны үшін 628 адамның тест нәтижесі жойылды. Атап өтсек:

  • смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 393 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;
  • тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 188 адам шығарылды;
  • бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 47 адамның нәтижесі жойылды;
  • бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Биыл 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш түсті. Апелляцияны қарастыратын комиссия жұмысын 13-14 шілде аяқтайды. Содан кейін талапкерлердің сертификаттары Жеке кабинетте қолжетімді болады.

Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінде электрондық пошта, call-орталық, әлеуметтік желілер бойынша 300 мыңға жуық өтініш өңделді.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқуға түсушінің Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері жойылады.

Атап өтсек, бүгін білім гранты конкурсына құжат қабылдана бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама