×

Елдегі 136 мектепте старлинк терминалдары жұмыс істемей тұр

Себебі шекараға жақын орналасқандықтан көрші елдер рұқсат етпейді

 Ербол Тұрымбет 12.07.2024 | 22:20
фото: tesla-phone.su

Елімізде 1 729 старлинк терминалы мектептерге үлестірілген. Бірақ соның ішінде 136 терминал жұмыс істемей тұр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бүгін өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni.

Оның айтуынша, мамырдың басында шамамен 600 старлинк терминалы мектептерге таратылған болса, бүгінде араға 2 ай салып, оның саны 1 729-ға жетіп отыр. Тек екі жағдайға қатысты мәселе туындап тұр.

Мектептерге орнатылған 136 старлинк терминалы қазір жұмыс істемей тұр. Себебі ол мектептер шекаралас аумақтарда орналасқандықтан, интернеттің таралу аумағы солтүстік пен шығыстағы көрші елдердің аумағына өтіп кетеді. Ал көрші елдер өз территорияларына түсіп тұруына рұқсат етпей отыр. Соған байланысты ол терминалдар қосылмай тұр. Енді сол таралу аумағы тек Қазақстан территориясымен шектелетіндей ету үшін Старлинкпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер оның техникалық шешімі табылмаса, онда ол терминалдарды басқа мектептерге таратамыз, – деді министр.

Одан бөлек, тағы 14 старлинк жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерге орнатылған. Жасұлан Мәдиевтің айтуынша, сол жұмыстар жаздың соңына дейін бітуі керек, сөйтіп терминалдар да іске қосылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама