Жабдықтарды әскери мақсатта да қолдануға болатыны ескерілді
Павлодар облыстық сотында майнингтік жабдықтарды лицензиясыз экспорттау фактісі бойынша 2 әкімшілік іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биткоин өндіруге арналған майнингтік серверлер заң бойынша ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласында екі мақсатта пайдаланылатын тауарларға жатады. Оны әскери мақсатта да қолдануға болады. Осыған байланысты мұндай жабдықтың экспортын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы лицензия алу арқылы мемлекет бақылайды.
Сотта анықталғандай, Ресей Федерациясының азаматы Қазақстанда шамамен 4 миллион теңгеге майнинг жабдықтарын сатып алып, оны уәкілетті органдардың лицензиясын алмастан шетелге шығаруға тырысқан. Осы әрекеттері үшін аудандық сот ресейлік азаматты ӘҚБтК-нің 436-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартты. Одан майнингтік жабдықтар тәркіленіп, оған 55 мың теңге айыппұл салынды.
Айыппұлды төлегеннен кейін құқықбұзушы сот қаулысының тәркілеу туралы бөлігіне апелляцияға шағымданды. Ол қаулының күшін жойып, тәркіленген тауарды кері қайтаруды сұрап, оған тиісті лицензия алуға уәде берді.
Апелляциялық сот алқасы майнинг жабдығының экспорты ұлттық қауіпсіздік мақсатында бақыланатын әрі екі мақсатта пайдаланылатын ерекше тауарларға жататынын, сондай-ақ ресейліктің жабдықты тек экспортқа шығару мақсатында сатып алғанын, оның Қазақстан Республикасында тұрмайтынын, тіркеуде жоқ екенін назарға алды. Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере келіп, алқа бірінші сатыдағы сот қаулысының тәркілеу бөлігінің күшін жоюға құқықтық негіз таппады. Сондықтан шағым қанағаттандырусыз қалдырылды, – делінген сот хабарламасында.
Сол негіздер бойынша басқа азаматқа қатысты басқа іс бойынша да қаулы өзгеріссіз қалдырылды. Қаулылар заңды күшіне енді.