×

Иманғали Тасмағамбетов халықты ел президентіне қолдау көрсетуге шақырды

Иманғали Тасмағамбетов, фото: kazvedomosti.kz

Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан халқына үндеу жолдап, ел ішінде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтты.

Осынау қаңтардың қаһарлы күндері елімізде, оның ішінде айналайын ақ Алматымыздың басына түскен қаралы күндері орын алған дүрбелеңде өздеріңізге үн қатуды азаматтық парызым деп білемін.

Өкінішке қарай, осы күндері қаза тапқан азаматтар аз емес. Олардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Имандары жолдас болсын, - деген үндеуінде Иманғали Тасмағамбетов.

Оның айтуынша, кей өңірлерде басталған шерулер бейбіт сипатта, әділетті талаппен басталғанмен, кейін бұл жағдайды арнайы дайындалған арандатушылар мен содырлар пайдаланып кетті.

Тәуелсіздіктің тал бесігі» саналатын алып шаһарды қантөгістің алаңына айналдырды. Бұл жәй ғана қылмыс емес. Бұл жауыздық! Отанға, Тәуелсіздікке жасалған опасыздық! Қарапайым азаматтарымызға жасалған қатігездік!

Мұндайда ел болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі Мемлекет басшысының мойнында. Ал дәл қазір Президент әр азаматтың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіпсіздігінің жалғыз кепілі! – делінген Иманғали Тасмағамбетовтің үндеуінде.

Алматы қаласының экс-әкімі қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама