×

Биыл 3 мың қазақстандық әскери жиыннан өтеді

Үш және одан да көп баласы бар жиынға шақырудан босатылады

 Динара Амантай 12.07.2024 | 16:10
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Биыл 3 мың қазақстандық әскери жиыннан өтеді. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Спикердің айтуынша, әскери жиынның негізгі мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған санда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, сонымен қатар жұмылдыру жағдайында Қарулы күштер құрамын кеңейту үшін қажетті запастағы әскери-оқытылған ресурстарды даярлау және жинақтау.

Генерал-майор Сәкен Жүсіпов 30 күнге созылатын әскери жиын жыл сайын өткізілетінін айтты. Өткен жылы оған 1500 адам қатысса, бұл жолы олардың саны екі есе артты.  

Әскери жиынға шақырылатындар санының артуы әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жолымен әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігіне байланысты. Әскери жиынға қатысу әскери міндеттілердің білімін өзектендіруге және олардың әскери істегі дағдыларын қалпына келтіруге мүмкіндік береді, – деді ол. 

Сәкен Жүсіповтың ұсынған ақпаратына сәйкес, жиынға қатардағы жауынгерлер мен сержанттық құрам өкілдері 50 жасқа дейін, ал офицерлер 60 жасқа дейін шақырылады. Егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар, оқу жылы ішінде күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдарының педагогтері, 18 жасқа дейінгі үш және одан да көп баласы бар адамдар әскери жиынға шақырудан босатылады. Одан бөлек азаматтар шақырылғанға дейін міндетті түрде медициналық комиссиядан өтуі тиіс.

Әскери жиынға шақырылған азаматтар әскерде қызмет ететін әскери қызметшілермен тең дәрежеде заттай мүлікпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

Әскери жиын уақытында әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, яғни оларға орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге мемлекет есебінен ең төменгі 85 мың теңге жалақы төленеді. 

Әскери міндеттілерді жиынға жеткізу және кері қарай тасымалдау Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен теміржол және автомобиль көлігімен жүргізіледі. Жиын оқу полигондарында өткізіледі. Оның барысында әскери міндеттілерді далалық лагерьге орналастырады. 

Бас штаб бастығының орынбасары әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызметші мәртебесіне ие болатынын және казармалық жағдайда тұратынын да атап өтті. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен босатуды ішкі қызмет жарғысында белгіленген ережеге сәйкес жиын бастықтары жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама