Сағат бойынша жұмыс істейтін елдер азайып барады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сағат саны бойынша ақы төлеу жүйесінен кету мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатта айтты.
Дүние жүзіндегі бүкіл білім беру жүйелерін қарасаңыздар, сағатқа бағыттап емес, оклад жүйесі бойынша жұмыс істейді. Сағат саны бойынша жұмыс істейтін бірнеше мемлекет қана қалды. Сондықтан бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Бірақ, Қазақстанда осы жүйеге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Көшіп жатырмыз деп біз әлі айта алмаймыз. Жалпы, бұл мәселе қазір зерттеліп, зерделеніп жатыр. Сондықтан шешім тек қана осы зерттеулердің негізінде қабылданады, - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатыр.
«Мұғалімдерге оклад бойынша ақы төлеу мәселесіне байланысты сарапшылар, халықаралық және өзіміздің ғалымдар бірнеше жылдан бері ұсыныс айтып жатыр. Дегенмен, бұл мәселені талқылау керек. Өйткені, білім жүйесінде тез, шапшаң ойланбай шешім қабылдауға болмайды. Талқыланып, тиісті шешім шыққанда қосымша хабарлаймыз», - деді министр.