ЖШС келісімшарт бойынша міндеттемесін орындамаған
Шымкентте мердігер компания 56 млн теңгеден астам бюджет қаржысын мемлекетке қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік мекеме шарттық міндеттемелерін орындамаған ЖШС-дан бюджет қаржысын өндіріп алу арызымен Шымкент қаласының экономикалық сотына жүгінген. Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Шарт бойынша ЖШС Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталықты абаттандыру жұмыстарын жүргізу міндетін мойнына алған, алайда бұл міндеттемені тиісінше орындамаған.
Прокурордың наразылығы бойынша апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, бітімгершілік келісімін бекіту туралы шешім қабылдады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 56 млн теңгеден астам бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды.