Қазақстан ТМД елдеріне арнап тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң үлгісін әзірлейді
Парламентаралық Ассамблея елдері бұл бастаманы қолдады
Сенат ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы елдер үшін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы үлгілік заңды әзірлейді. Мәулен Әшімбаевтың бұл бастамасын Санкт-Петербургте өткен кеңес отырысында ТМД ПАА мүшелері қолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық реттеуде және оның алдын алуда айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың сәуірінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауды күшейту туралы заң қабылданды. Осыған байланыствы Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін тиісті заң үлгісін әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізбек. Осылайша бұл заң үлгісі кейіннен ТМД-ның басқа елдері өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетсек,Парламент Сенатының төрағасы қазақстандық депутаттар тобымен Х БРИКС Парламенттік форумының қорытынды отырыстарына және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысты. Достастық елдерінің депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырып, 2023 жылы ТМД ПАА жұмысын қорытындылады.