×

Екі айда 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Ел аумағында жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр

 Динара Амантай 12.07.2024 | 12:50
Фото: polisia.kz

“Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері ел аумағында есірткіге қатысты 523 құқықбұзушылықтың алды алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Синтетика өндіретін есірткі зертханасы жойылды.

Алматы облысының аумағында қарасора өсіру фактісі анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 12 тоннадан асты.

Ақтөбе облысында зертханалық жағдайда жасырын есірткі өндірісін ұйымдастырған жергілікті тұрғыннан 3 келіден астам мефедрон тәркіленді. 

Қызылорда облысында авиациялық тексеру арқылы есірткіні заңсыз өсіру фактісі анықталды. Екі есірткі сатушы анықталып, олардан жарты тоннадан астам марихуана тәркіленді.

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданынан 130 шақырым жерде 56 келі марихуана дайындаған азамат ұсталды. 

Астана тұрғынының пәтерін тінту кезінде 1,5 келіден астам мефедрон табылды. 

Теміртауда 22 жастағы есірткі таратушы ұсталып, одан 350 грамм доза болатын 300 орам мефедрон тәркіленді. 

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама