Астанада мопед жүргізушілерінің қатысуымен 3 жол апаты болды
Биыл 400-ден аса адамға айыппұл салынды
Елордада мопед жүргізушілердің кінәсінен туындаған жол-көлік оқиғалары тіркелді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қалада бір күнде мопедтердің кінәсінен үш жол-көлік оқиғасы болып, 17 жастағы жасөспірімдер түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Атап айтқанда, сағат 17:11-де Toyota көлігінің жүргізушісі Сарыарқа даңғылымен Жангелдин көшесінің қиылысында келе жатып, рұқсат етілген бағдаршамға бұрылып, қарсы жолақпен келе жатқан кәмелетке толмаған мопед жүргізушісін қағып кеткен.
Дәл осындай апат Қошқарбаев даңғылы мен Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында сағат 21:40-та болды. Volkswagen Transporter автокөлігінің жүргізушісі де қарсы жолақпен келе жатқан 21 жастағы мопед жүргізушісімен соқтығысқан.
Үшінші жол-көлік оқиғасы салдарынан 18 жастағы мопед жүргізушісі зардап шекті. Kia Sportage автокөлігінің жүргізушісі Бұқар жырау көшесі мен Әлиев көшесі қиылысында келе жатып, рұқсат етілген бағдаршамға бұрылып, қарсы жолақпен келе жатқан мопед жүргізушісімен қақтығысып қалған. Осы елордада жолдардағы жазатайым оқиғалардың деңгейін төмендетуге, жол қауіпсіздігі саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы 9-12 шілде аралығында өтіп жатыр.
Операция басталғалы бері 1300-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 400-ден астам жүргізушіге айыппұл салынып, автоматты анықтау құралдары арқылы тіркелсе, жолаушыларды тасымалдау және қауіпсіздік белдігін тағу ережелерін сақтамаған 180-ге жуық жүргізуші белгілі болды. Жедел профилактикалық іс-шара кезінде 200-ден астам көлік коммуналдық тұраққа қойылды.