Әкімдік тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға шақырды
Бурабай ауданының әкімдігіні тұрғындарға үндеу жасап, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әкімдік Қазақстанның Қарулы Күштерінің жұмылдыру және жауынгерлік даярлығының 2024 жылға арналған негізгі іс-шараларының жоспар-күнтізбесін орындау үшін 5-14 шілде аралығында өңірде тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізу жоспарланғанын хабарлады. Жаттығу барысында Ақмола облысының аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілерді оқу-жаттығу әскери жиындарына шақыру жүргізу жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Бурабай кентінің маңында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізу шеңберінде жеке құрам бос оқтар мен имитациялық жарылыстарды қолдана отырып, практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын болады. Бөлімшенің белгіленген мерзімде мақсаты бойынша міндеттерді орындау қабілеті мен үйлесімділігі, әскери қызметшілердің оқуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және берілген бөлімшелерді басқару дағдылары бағаланатын болады, – деді әкімдікте.
Сондай-ақ аталған іс-шара жабық түрде өткізілетінін ескертті. Осыған байланысты тұрғындардан әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери қызметшілердің қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдарды таратпауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.