Елімізде ұлттық парктерге кіру ақысы көтеріледі
Экологиялық төлем сомасы әр өңірде әртүрлі
Еліміздің 27 ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіру ақысын көтеріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанның Экология министрлігі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұсынатын қызметтер үшін тарифтерге өзгерістер енгізілетін бұйрық дайындады. Құжат мәтіні Ашық НҚА порталында жарияланды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық мемлекеттік мекемелері ұсынатын қызметтер үшін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіргенде алынатын тарифтердің мөлшері көрсетілген.
Онда күніне бір адамға шаққанда жеке тұлғалар үшін аумақтарды санитарлық тазалау және абаттандыру жөніндегі қызмет көрсету, мотоциклдердің, мопедтердің, квадроциклдер мен жеңіл автомобильдердің кіруі үшін алынатын төлем көрсетілген. Сондай-ақ 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен жүк автомобильдер, 32 орынға дейін автобустар және 32 ден аса орны бар автобустардың кіруі үшін төлем сомасы белгіленген. Мәселен, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір адамға экотөлем 0,2 АЕК (2024 жылы 738 теңгені) құрайды. Ал мотоцикл, мопедтермен кіру 0,4 АЕК (1476 теңге), жеңіл автокөлік 0,7 АЕК (2584 теңге), 16 орынға дейінгі микроавтобустар 2,5 АЕК (9230 теңге), 32 орынға дейінгі автобустар 5 АЕК (18 460 теңге) болса, 32 орыннан көп автобустар 7 АЕК (25 844 теңге) төлейтін болады.
Айта кетейік, ұлттық парктер аумағына кіргенде әлеуметтік осал топқа жататын тұлғалардан төлем алынбайды. Атап айтқанда зейнеткерлерден, мүгедектігі бар адамдардан, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен, басқа мемлекеттер аумағындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен, жеңілдіктері бойынша теңестірілген ардагерлерден, еңбек ардагерлерінен, мектеп жасына дейінгі балалар тегін кіреді.