Жамбыл облысы су шаруашылығындағы заңбұзушылықтарды енді Бас прокуратура тексермек
Аудит кезінде көптеген былықтың беті ашылған болатын
Су ресурстары және ирригация министрлігі Жамбыл облысының су шаруашылығы саласына жүргізген аудит материалдарын Бас прокуратураға жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Осыған дейін судың «қара нарығымен» күресу және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында министрліктің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына тексеріс жүргізген болатын. Нәтижесінде филиал директоры мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Анықталған құқық бұзушылықтарды одан әрі қарау үшін аудит материалдары Бас прокуратураға жіберілді, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Еске салсақ, министрлік мамандары Жамбыл облысында жүргізген аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісін, сондай-ақ шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтаған еді.
Судың «қара нарығымен», яғни су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерімен күрес жалғасады. Заңды бұзған барлық құқық бұзушы мен басшылық лауазымдағы қызметкерлер жауапқа тартылады. Біз су ресурстарын пайдалануды бақылауды күшейтеміз. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата тексерісінің қорытындысы бойынша «Қазсушар» мекемесінің басшылық лауазымдағы 5 қызметкері жауапқа тартылған болатын.