Бұл компанияның Ресей Федерациясынан тыс жердегі алғашқы ірі жобасы
Елордада Wildberries халықаралық компаниясының жаңа логистикалық тарату орталығы салынады. Еліміздегі алғашқы орталық қазір Алматыда салынып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Алматының индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды аралауы кезінде айтылды.
Премьер-Министрге ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы баяндалды. Бұл біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан осындай екі жобаның бірі: екінші орталық Астанада салынады. Қазіргі кезеңде жобаға 12,9 млрд теңге инвестиция құйылған. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ бұл орталықта 4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Логистикалық тарату орталығын іске қосу кәсіпкерлердің логистикаға шығындарын қысқартуға, тауар ассортиментін кеңейтуге және сатуды ұлғайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұл – Wildberries-тің Ресей Федерациясынан тыс жердегі алғашқы ірі жобасы.