Halyq Uni логотип
×

«Семей орманы» филиалының директоры ұсталды (ВИДЕО)

Басшымен бірге бір топ адам құрықталды

 Қымбат Елтайқызы 11.07.2024 | 09:35

Өткен жылдың жазында орын алған ауқымды өртке байланысты Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына орманды заңсыз кесуге және ағаштарды ұрлауға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ІІМ аталған тапсырманы орындау аясында осы саладағы қылмыстық схемаларды анықтау әрі жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ мен ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды. Орманды жымқырды деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді.  Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

«Еске салсақ, биылғы қаңтарда Павлодар облысында «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ ұсталған болатын. Күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету, мүше болу фактілері бойынша іс тергеліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деп түйіндеді Қуандық Алпыс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама