Алматыда былтыр пайдалануға берілген жолда шұңқырлар пайда болған
Нысан 2026 жылға дейін кепілдікте тұр
Алматы қаласының тұрғындары Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактінің қиылысында жаңадан салынған жолайрық эстакадасының жол бөлігінде пайда болған шұңқырларға қатысты шағым айтқан. Осы мәселеге қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, эстакада бойынша қозғалыс 2021 жылы ашылған, бірақ жолайрық 2023 жылдың қазанында пайдалануға берілгендіктен, нысан 2026 жылға дейін кепілдікте тұр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, асфальтбетон жабынының ақаулары гидрооқшаулағыш материалдың қабыршақтануы салдарынан пайда болды. Оның нақты себептерін анықтау үшін зақымданған учаске ашылады. «Bazis construction» ЖШС компаниясына кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен алдағы 10 күн ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге нұсқау берілді, – делінген хабарламада.
Басқарма қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазір ақаулы учаскеге уақытша жөндеу жүргізілгенін мәлімдеді.