Бір бөлмелі пәтерге мыңға жуық адамды тіркеген астаналық сотталды
Бір бөлмелі үйдің ауданы – 35,7 шаршы метр
Астанада бір бөлмелі пәтерге мыңға жуық адамды тіркеген тұрғын сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елорда прокуратурасы көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуын тексеру шеңберінде жалпы ауданы 35,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтерде 937 адам тіркелгенін анықтаған болатын. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Пәтер иесінің заңсыз әрекеті сотта толық дәлелденіп, сот үкімімен пәтердің иесі ҚК-нің 394-бабының 1-бөлігі бойынша сотталды. Ол бойынша 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 600 жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген. Алайда, ведомство өкілдері сотталушыға тағайындалған жаза жөніндегі ақпаратты нақтыламады.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, бұған дейін алты өңірде (Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы және Астана қалалары) прокурорлар заңсыз көші-қон арналарын анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған болатынбыз.