Монополистерге салынған айыппұл 2,5 есе ұлғайды
Агенттік 2023 жылдың қорытынды есебін жариялады
Монополистерге салынған айыппұлдар 2,5 есе ұлғайды. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін және монополистік қызметке қарсы іске асырылған шараларды қамтитын 2023 жылғы жылдық есебінде жарияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Есепке сәйкес, өткен жылы агенттік 40 тауар нарығына, оның ішінде 16 жоспарлы нарыққа талдау жүргізген. Бір жыл ішінде 94 тергеу аяқталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29%-ға төмен.
Ірі бизнеске ерекше назар аударылды, нәтижесінде өндіріп алынған әкімшілік айыппұлдардың көлемі 2,5 есе ұлғайып, монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдардың 100%-ға жуығы, яғни 5,4 млрд теңге бюджетке қайтарылды.
Агенттіктің мәліметінше, 2023 жылы монополияға қарсы бақылауды және бәсекелестікті дамыту тетіктерін жетілдіру жөніндегі бірқатар шара атқарылған.
Атап айтқанда:
- Тауар нарықтарын талдау әдістемесі қайта қаралды: жоспарлы талдау мерзімі 12 айдан 6 айға дейін, ал жоспардан тыс талдау мерзімі 3 айға дейін қысқарды.
- Жоспарлы талдаулардың сапалық критерийлері күшейтілді және жоспардан тыс рәсімдер оңтайландырылды.
- Конгломераттарды реттеу жаңа тетіктермен қамтамасыз етілді және оларға шағымдану кезінде Агенттік актілерін тоқтата тұру тәжірибесі алынып тасталды. Бұл әрекет ету мерзімін 72 айдан 10 айға дейін қысқартты.
- Сондай-ақ, монополиялық нарықтардағы бағаны бақылауды күшейтуді және жекелеген секторларды реттеуді қамтитын түзетулердің «6-шы монополияға қарсы пакеті» әзірленді.
- Бизнестің нарықтарға қолжетімділігін шектейтін көптеген құқықтық актілерге жауап ретінде нормативтік құқықтық актілердің бәсекелестікке әсерін бағалаудың жаңа құралы енгізілді.
- Сараптамалық-талдамалық жұмыстың сапасын арттыру үшін агенттік жанынан іске асырылып жатқан саясатты сүйемелдеуді қамтамасыз ететін Бәсекелестікті дамытудың талдамалық зерттеу орталығы құрылды.
Агенттік сондай-ақ өз қызметін цифрландыру бойынша жұмысты бастады: «Өрмек» ақпараттық жүйесі іске қосылып, бәсекелестікті талдаудың ақпараттық-талдамалық жүйесі әзірленді және деректер базасы әзірленіп жатыр. Бұған қоса «Ақылды реттеудің» жаңа форматында квазимемлекеттік сектор үшін рұқсат етілген қызмет түрлері әзірленді.